Келіп қалды күздің басы
Соны ойлаған көңіл ащы.
Жылтылдайды таңғы шықтар
Бейне аққан көздің жасы.
Гүлдеп тұрған гүлдер қандай керемет,
Қызыл-қызғылт, сары-сарғыш, көкпеңбек.
Роза гүлі барлығының патшасы,
Әттең-әттең, ұстап қалсаң тікенек!
Кей нәрсенің сырты нашар көрінер
Ал сұлулық көрініспен берілер.
Қарағанға сұрықсыздау қара нан,
Қарын ашса кімдер одан жерінер.
Біреу айтар, өмір деген алдамшы.
Алдамшы ма, сол гүлдерге қарашы.
Бүгін гүлдеп, ертең солып қалатын
Бар болғаны өмір заңы, таласы.
Алдамшы емес, өмір заңы өтпелі
Алдамшыға кімдер жүрер жеткелі.
Күзгі гүлдей таусылғанмен бүгін күн
Келер қайтып, өмірімнің көктемі...
Азамат Ақ.
Талдықорған.